| Научный журнал
 ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА МАМАНДАРДЫ ДАЙЫНДАУДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ТҰРҒЫНЫҢ ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ МЕН БОЛАШАҒЫ | статьи | Научный журнал

ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА МАМАНДАРДЫ ДАЙЫНДАУДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ТҰРҒЫНЫҢ ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ МЕН БОЛАШАҒЫ

Жазба жазу күні: 21-10-2014
Автор(ы): Ж.Қ. Смаилова, Т.Қ. Рахыпбеков, Л.Қ. Қаражанова

Жоғары білім дегеніміз – жеке тұлғаның белсенді әлеуметтік бағдарын, өзі таңдаған қоғамдық өмірде алдын-ала белгіленбеген және ғылыми негізде атқаратын табысты зияткерлік іс-әрекетін, сонымен қатар таңдаған іс-әрекет аумағында шығармашылық даму потенциалын және осы бағыт бойынша жаңа нысандарды өздігінен игеруін қамтамасыз ететін білім беру процесі. [1]. Қазіргі кезеңде көптеген елдерде жоғары білім саласы әлемдік даму тенденцияларына, сонымен қатар жоғары мектептің даму тенденциялары мен болашағына байланысты көптеген өзгерістерге ұшырап отыр.

2005-2010 жылға арналған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы бойынша жоғары білім беру жүйесіндегі айтарлық өзгерістерді туындатқан әлемдік дамудың негізгі тенденциялары  төмендегідей:

  • қоғам дамуы екпінінің жеделдеуі және осының салдарынан қоғамның жылдам өзгеріп отырған жағдайында түлектерді кәсіптік іс-әрекетке дайындау қажеттілігінің туындауы;
  • қоғамның жаһандануы және жаһандық мәселелердің пайда болуы, олардың халықаралық қоғамдастық ынтымақтастық шеңберінде шешуілуі, бұл жас ұрпақтың жаңаша ойлауын қалыптастыруды қажет етеді;
  • қызметкерлердің кәсіптік дайындығын, кәсіптік мобильдігін арттырудағы тұрақты қажеттілікті анықтайтын экономиканың екпінді дамуы, бәсекелестіктің өсуі, жұмыспен қамтамасыз ету саласындағы құрылымдық;
  • қоғамның жоғары ақпараттандырылуы, мәдениеттер арасындағы өзара қарым-қатынастар аумағының кеңеюі [2 Государственная программ развития образования в Республике Казахстан на 2005-2010 года от 11 октября 2004 № 1459]
  • Жаһандану төңірегіндегі жоғары білім берудің артып келе жатқан ролін соңғы жылдардағы жоғары білімнің даму барысындағы бірнеше әлемдік тенденцияларды анықтаған ЮНЕСКО зерттеулері де дәлелдейді [3].

Болашақ мамандарды дайындаудың аталған тенденцияларға сәйкес болуы «21 ғасырдағы жоғары білім: тұрғысы және нақты шаралары» атты Бүкіләлемдік конференциясында бекітілген ЮНЕСКО Қорытынды баяндамасында анықталған басты міндеттерді шешудің негізгі шарты болып табылады, атап айтқанда: «қоғамның қазіргі кезеңдегі және болашақтағы қажеттіліктеріне тұрақты бейімделген курстар мен оқу бағдарламаларын пайдалану негізінде жоғары деңгейдегі білім мен дағдылары бірлескен кәсіптік дайындығы бар сәйкес біліктілікке ие болу мүмкіндігін қамтамасыз ете отыра, қоғамның барлық саласындағы қажеттіліктерді қанағаттандыруға  қабілетті жауапты азаматтарды және жоғары білікті түлектерді дайындауды қамтамасыз ету» [4]

Осы нақты көрініс беріп отырған тенденциялар, атап айтқанда, жоғары кәсіптік медициналық білім беру саласында сапалық өзгерістерді енгізуді қажет етеді. Жоғары білімнің әлемдік даму тенденциялары жоғары медициналық білім беру ұйымдарында білім алушылардың дайындығының кәсіптілікке ауысуы ретінде көрініс береді және осы негізде түлектердің  кәсіптік дайындығының сапасына деген талаптардың артуымен анықталады.

Жалпы, «кәсіптілік» деген ұғымның өзі қазіргі кезде психологиялық-педагогикалық зерттеулерде нақты анықталамағанын атап өткен жөн. Мысалы, А.К. Маркова кәсіптілікті былайша түсіндіреді: «кәсіптілік дегеніміз - адамның жеке тұлғасына қатысты мамандықтың нормативті талаптары. Бұл жерде кәсіптілік ұғымы– жеке адамның табысты еңбек етуіне қажетті сипаттамаларының жиынтығы ретінде көрінеді". Мұндай ұғымды шартты түрде «нормативті кәсіптілік» деп атайды [5].

«Кәсіптілік» және «кәсіптілік құзыреттілік» ұғымдарының ара қатынасын көрнекі түрде төмендегідей көрсетуге болады: 

Сур.1. «Кәсіптілік» және «кәсіптілік құзыреттілік» ұғымдарының ара қатынасы.

 

 

Бұл ұғымдар іс-әрекетті жетілдіру, оны белгілі бір деңгейде жоғары сапалы орындау тұрғысынан алар болсақ бір бағытты болып табылады. Адамның кәсіптілігі оның құзыреттілігімен қатар кәсіптік бағыт-бағдарымен және жеке тұлғаға тән кәсіптік маңызды қасиеттерінің болуымен қамтамасыз етіледі. Адам өзінің іс-әрекетін игеру және ұзақ мерзімде орындау барысында ғана кәсіптік жоғары деңгейге жетеді.

Сонымен, кәсіптік құзыреттілік дегеніміз не? Құзыреттілік – бұл жеке адамға қатысты ұғым, ол белгілі бір жұмысты құзыретті орындау барысындағы оның іс-әрекетінің аспектісі.

• Құзырет – ол адамның құзыретті кәсіптік саласы туралы айтылатын жұмысқа қатысты ұғым.

Европа Кеңесі жас европалықтарға қатысты бес негізгі құзыреттерді белгіледі [Hutmacher W. Keu competencies for Europe//Report of the Symposium. Berne, Switzeland 27-30 March, 1996]:

  • демократия институттарын дамыту үшін әлеуметтік және саяси құзыреттер;
  • іртүрлі мәдениеті бар ортада өмір сүруге қажетті құзыреттер;
  • жазбаша және ауызша коммуникация шеберлігі;
  • ақпараттық құзыреттер;
  • өмір бойы білім алуға қабілеттілік.

Жалпы алғанда бұл құзыреттерді әлеуметтік немесе социомәдениеттілік құзыреттер деп айтуға болады.

2006 жылғы ҚР МЖМБС сәйкес 051301-«Жалпы медицина» мамандығы бойынша бітірушінің кәсіби қызметіне қатысты құзыреттерін келесі сызба түрінде сипаттауды ұсынамыз: 

 

Сур 2 . 2006 жылғы ҚР МЖМБС сәйкес медицина бакалаврыныңқұзырттілігінің сызбасы

 

 

Құзыреттерге бағытталған білім (competence-based education – CBE), 70-ші жылдарда Америкада 1965 жылы Н.Хомский (Массачусет университеті) ұсынған тіл теориясына қатысты «құзырет» ұғымына байланысты қалыптаса бастады. Н.Хомский атап көрсеткендей «...біз құзырет (сөйлеушінің-тыңдарманның өз тілін білуі) және пайдалану (тілді нақты жағдайларда қолдана білу) арасында басты айырмашылықтарды анықтаймыз. Тек идеалды жағдайда пайдалану ұғымы құзырет ұғымының тікелей көрсетілімі болып табылады.» [6].

Дж.Равеннің 1984 жылы Лонданда жарық көрген «Қазіргі қоғамдағы құзыреттілік» атты жұмысында құзыреттілік ұғымына кең талдау жасалған. Бұл «көптеген компоненттерден тұратын құбылыс, ол компоненттердің көпшілігі бір-біріне қатысты тәуелсіз болады, кейбір компоненттер когнитивті салаға, ал кейбірі – эмоциялық салаға қатысты, бұл компоненттер тиімді іс-әрекеттің құрамды бөліктері ретінде бір-бірін ауыстыра алады» [7]. Басқаша айтар болсақ, Дж. Равен бойынша құзыреттілік дегеніміз – нақты сала бойынша нақты әрекеттерді тиімді орындауға қажетті өзгеше қабілет және оған қоса арнайы білімінің, арнайы дағдыларының болуы, сонымен қатар өз әрекеті үшін жауапкершілікті түсінуі.

Құзыреттіліктің әртүрлі факторларын сипаттау құзыреттіліктің құрылымы, құзыреттілік картасы, құзыреттілік профилі немесе құзыреттіліктің топтары және тізбесі деп аталады. Құзыреттіліктің құрылымы ұйымның жұмысының басты кезеңдерін қамтитын құзыреттілік факторларына деген талаптармен  анықталады және «құзыреттіліктің жалпы факторларынан» тұрады. Құзыреттілік картасының старетегиялық қабілеттілік, ресурстарды және сапаны басқару тәрізді құзыреттіліктерден ерекшелігі, ол мамандыққа қатысты құзыретті іс-әрекеттің әртүрлі аспектілер мен категорияларын сипаттайды. Құзыретіліктің профилі белгілі-бір міндеттерді тиімді атқаруға қажетті құзыреттіліктің аспектілерін сипаттайды. [8].

Құзыреттіліктің құрылымы, картасы және профилі білім берудегі қажеттіліктерді көрсетеді – олар құзыреттіліктің дамытылуы қажет өзгешелік аспектілерін анықтап, өздігінен білім алуды қолдай отыра сәйкес білім берудің тұрғысын анықтайды.

Қазіргі кездегі қоғамдағы жаһандану процестері соңғы уақытта жоғары медициналық білім беру саласында да айқын көрініс бере бастады.

1988 жылы Эдинбургте (Шотландияда) медициналық білім берудің Бүкіләлемдік федерациясы өткізген медициналық білім бойынша Бүкіләлемдік конференция қорытындысы Декларация (Эдинбург декларациясы) қабылданған болатын. Бұл декларацияда алғашқы рет медициналық білім берудің тарихында білімнің дәстүрлі үлгісі қоғамның, экономиканың және адам қажеттіліктері дамуының заманға сай талаптарын ескермейтіндігі атап көрсетілді. 1993 жылы медициналық білім бойынша өткен Бүкіләлемдік саммитте әлемде болып жатқан глобальды өзгерістермен байланысты медициналық білімге қатысты мәселелер анықталды. Атап айтқанда, көптеген елдердегі тұрғындар санының өсуі, ұлтық экономикалық және саяси құрылымдардағы өзгерістер, ресурстардың азаюы, түрлісоғыстар, пандемиялар, денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер және медициналық көмекке қол жеткізу тәрізді глобальды өзгерістер атап көрсетілді [9].

Медицинаның теориясы мен практикасына қатысты құзыреттілік ұғымы келесі компоненттерден тұрады: негізгі клиникалық, әлеуметтік ғылымдарды, атап айтқанда медициналық іс-тәжірибеге қажетті деңгейде қоғамдық денсаулық сақтау, популяциялық медицина және медициналық этика сұрақтарын білу және түсіну; қарым-қатынас және клиникалық дағдылар (диагноз қою, тәжірибелік дағдылар, коммуникативті дағдылар, ауруды емдеу және алдын-алу, денсаулықты нығайту, клиникалық ойлау қабілеті, мәселелерді шешуге қабілеттілік); сонымен қатар өмір бойы кәсіптік біліктілігін көтеруге және білім алуға деген қабілеттілік. [10].

Бүгінгі таңда медициналық білім беру жүйесінің соңғы «өнімнің» қандай болу керектігі, қоғамда туындаған қажеттіліктерге байланысты медициналық жоғары оқу орнында білім алушылар қандай құзыреттерге, білімге, шеберліктерге, ұстанымдарға ие болу керектігі туралы нақты ақпараттары болуы қажет.   Сонымен қатар оқытудың мазмұны, оқу процесін ынталандыру, оқу орнының жұмысын ұйымдастыру және оқытудың нәтижелерін бақылау тәрізді сұрақтар да маңызды орын алады. Білім, шеберлік, қарым-қатынас сияқты 3 басты бөліктен тұратын құзыреттерді қалыптастыру білім берудің құрылымын анықтайды. [11].

Халықаралық денсаулық сақтау саласының мамандарының айтуынша, медицина қызметкерлерін оқыту тек кәсіптік ақпаратты есте сақта, оны қайталап айтумен ғана шектелмей, білім алушылардың нақты кәсіптік құзыретерін қалыптастыру мақсатына бағытталуы қажет. Бұған медицина қызметкерлерінің мамандықты игеруге деген қызығушылығы болып, кәсіби маманның қазіргі заманғы жаңа үлгісіне сай кәсіптік шеберлігін қалыптастыра білуге оқытушының қабілеті болған жағдайда ғана жетуге болады. Мұндай дәрігерлік құзыреттілікті қалыптастыру үшін білім беру процесінің толық кезеңінде дәрігерлерді дайындауға жоғары талаптар қою қажет.

Елімізде жүргізіліп жатқан медициналық және фармацевтикалық білім беруді реформалау жоғары оқу орны деңгейінде дәрігерлерді дайындау жүйесін жаңа деңгейге көтерудің қажетті шарты болып табылады. Дәрігер тұлғасы, оның жеке басының қасиеттері және кәсіптік құзыреттілігі медициналық университеттің білім беру шеңберінде қалыптасады, сондықтан болашақ дәрігерлердің кәсіби шеберлігін қалыптастыру мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр. 

Қазіргі кезеңдегі жоғары медициналық білім беру саласындағы өзгерістер қоғамның және мемлекеттің жоғары медициналық мектепке қоятын талаптарын үнемі қанағаттандырмайтындығымен, түлектердің білім сапасының тқмендеуімен, қазіргі заманғы білім беру технологияларын пайдаланудағы консерватизмдікпен, молекулярлы биология, молекулярлы генетика саласына физикалық және химиялық биология мен иммунологияның жетістіктерін интегративті түрде енгізудегі енжарлық және т.б. байланысты деп атап көрсеткен жөн.  Көптеген жағдайда жоғары медициналық білім беру жаңа білімді жинақтау, стандартты кәсіби мәселелерді шешу, белгілі жағдайларда әрекет ету үлгісімен сипатталады. Осыған байланысты жоғары медициналық білім беру жүйесінің алдында тұрған жаңа заман талаптарына  сай және Болонь процесін жүзеге асыру барысында отандық медиинаның жетістіктерін объективті сараптауға қабілетті жаңа деңгейдегі мамандарды дайындаудың мазмұны, құрылымы және технологиялары туралы жоғары медициналық білім беру жүйесінің алдында тұрған мәселе аса өзекті болып табылады.

Қазіргі жағдайда Қазақстандағы медициналық білім беру жүйесі түлектердің білімін, дағдыларын және жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған денсаулық сақтау саласын дамытудың басты факторы болып табылады. 

         Денсаулық сақтау мамандарын дайындау озық дамуда болуы қажет. Денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын дайындаудың басты постулаттарының бірі – «өмір бойы білім алу» болып табылады, бұл медицина қызметкерлерінің өз білімін үнемі жетілдіріп, жаңартып отыру қажеттілігін тудырады.

Медицина дегеніміз – адам білімдерінің ең үлкен аумағын құрайды. Адам ағзасы, аурулар, емдеу әдістері туралы барлық білімді дипломға дейінгі деңгейде алу мүмкін емес. Медицинаның серпінді дамуы тиімді және уақтылы білім беру бағдарламаларын жасау мақсатын күрделендіреді.

Денсаулық сақтау және профилактикалық медицинаның мәселелерін шешуге бағытталған, болашақ дәрігерлерді кәсіптік дайындаудың мәнінің артуы жоғары медициналық білім беру жүйесінде адам туралы тек медициналық және жаратылыс тану білімінің дамуы ғана емес, сонымен қатар білім алушылардың мәдени – әлеуметтік тұрғыдағы мәселелерді шешуге қатысты білімінің қатысты білімнің ұйымдастырылуын талап етеді.  Сондықтан, болашақ дәрігер тұлғасының, оның азаматтық жауапкершілігінің, құқықтық мәдениетінің, қоғамда табысты әлеуметтендірілуінің, кәсіптік жетілуінің қалыптасуына бағытталған білім беру процесінің мазмұны және ұйымдастырылуы жоғары медициналық білім берудің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Бұл концепция жоғары медициналық оқу орындарындағы білім беру процесінің мақсатымен, мазмұнымен және құрылымды – функционалды байланыстармен сипатталатын кәсіптік медициналық білім беру үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласы мамандарының да кәсіптік құзыреттілігіне қойылатын талаптардың артуы жағдайында білім беру процесіне басқару ұйымдарынан бастап білім алушыларға дейін қатысушылардың жауапкершілігі артып келеді.  Жоғары медициналық білім берудегі құзыреттілік тұрғының қажеттілігі қазіргі замандағы қоғамды сипаттайтын әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани-адамгершілік өзгерістермен анықталады. Бұл өзгерістер білім берудің осы саласының соңғы нәтижесінің жаңа сапасы – жоғары медициналық білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың кәсіптік құзыреттілігіне қол жеткізу талабын қойып отыр. Осы жағдайда құзыретті медицина мамандарын дайындау мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып табылады, өйткені халық денсаулығын қорғау еліміздің еңбек потенциалын сақтаудағы басты бағыттардың бірі болып табылады.

Медициналық білім беруді реформалау аясында білім беру процесін ұйымдастырудың қажетті шарттары мыналар болып табылады: оқытудың зерттеу әдістерінің басымдылығы, шектес ғылымдардан әдістерді, идеяларды кеңінен қолдану, клиникалық ой–танымға және кәсіптік ерекше мәселелерді шешуге бағытталған кәсіптік құзыреттердің қалыптасу, білім беру, шығармашылық және кәсіби қызметтің субъектісі ретінде білім алушының өздігінен дамуы, оның интеллектуалды жетістіктерге мотивациясы, аналитикалық-диагностикалық шеберлігінің дамуы, кәсіптік әрекеттерін болжауы. Сондықтан болашақ дәрігердің кәсіптік дүниетанымын қалыптастырудың басты мақсаты - оған белсенді кәсіптік қызметке кірісе алуға, әртүрлі кәсіби жағдайларда әрекет етуге және өзін жоғары рухани және өмірлік ұстанымы бар тұлға ретінде көрсете білуіне мүмкіндік беретін жаңа білім сапасын қамтамасыз ету болып табылады.

Болашақ дәрігерді дайындаудың осы тұрғысы кез-келген адамды - өзінің құқығы мен бостандығы бар жеке әлеуметтік байлық деп қарастырып, білім алушыны оқыту процесінің мақсаты, нысаны, субъектісі, нәтижесі және тиімділік көрсеткіші ретіндегі қабылдап, білім беру процесін жеке тұлғаның дамуына қарай бағыттауға мүмкіндік береді. Жоғары медициналық білім беруді реформалау білім беру процесінің барлық субъектілерінің жеке тұлғалық функцияларының толық дамуы үшін жағдай жасауға бағытталған.

Бүгінгі таңда жоғары медициналық білім берудегі дәстүрлі ақпаратты-жинақтаушы үлгіден құзыреттілік-бағытты үлгіге ауысу өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл құзыреттілік-бағытты үлгі ауруды емес, науқасты емдеу керек деген гуманистиік принципті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін болашақ дәрігердің стереотипті емес кәсіби мәселелерді шешуге, клиникалық ой – танымға қабілеттілігін қалыптастырады [12]

Медициналық университеттердегі білім жүйесінің қалыптасуында кәсіптік құзыреттілік ұғымының мәні артып келеді.  Кәсіптік құзыреттілік нақты жағдайларда белгілі –бір әрекет ету үшін дайындықтың болуымен сипатталады, басқааша айтар болсақ, маманның құзыреттілігі кәсіби жағдайларды әрекет ету үшін қажетті білімі, шаберліктері және ұстанымы болуымен анықталады. [13]

Болашақ дәрігердің кәсіптік құзыреттілігі науқастарға және әріптестеріне деген қарым – қатынасқа біріккен , жеке тұлға ретінде және кәсіби тұрғыдан үнемі дамуға бағытталған кәсіптік маңызы зор қасиеттердің, шеберліктердің және дағдылардың жүйесі ретінде қалыптасады. Кәсіптік құзыреттілік тек алған білімді пайдалануға қабілеттік ретінде ғана емес, сонымен қатар жаңа құбылыстарды, ақпараттарды қабылдауға, негізгі мамандыққа-бағытты құзыреттерді анықтауға, сол арқылы көпсалалы мәні бар білімнің, шеберліктердің, дағдылардың жүйесі ретінде сипатталады.

Негізгі құзыреттердің жинағы жоғары медициналық білім беру процесінің өзгешелігін және болашақ дәрігердің даму көрсеткіштерін анықтап берді, бұл дәрігерге даам ауруларының дамуына ғылыми тұрғыдан баға беруге, емдеудің тиімді тәсілдерін таңдауға, сол арқылы медициналық құзыреттіліктің деңгейін анықтауға мүмкіндік берді.

 

Әдебиет:

  1. Фокин Ю.Г. Преподавание и воспитание в высшей школе. – М., 2002.-С.55.].
  2. Государственная программ развития образования в Республике Казахстан на 2005-2010 года от 11 октября 2004 № 1459
  3. Кашук Л.И. Система обеспечения качества вузовского образования: оценка и механизмы управления (на материалах Республики Казахстан
  4. Высшее образование в 21 веке: подходы и практические меры.-ЮНЕСКО, Париж, 5-9 октября.1998.Заключительный доклад.-135 с.
  5. Маркова А.К. Психология профессионализма. – М.: Знание, 1996.  – 308 с. , с.31
  6. Хомский Н. Аспекты теории синтаксиса. – М., 1972 (англ. 1965)., 22, с. 9
  7. Равен Джон. Компетентность в современном обществе. Выявление, развитие и реализация. – М., 2002. (англ. 1984).стр 253
  8. Каирбекова С.З. Методологические основы и организационно - управленческие технологии реформирования дополнительного профессионального медицинского  образования в Республике Казахстан:  Автореф. дисс. д.м.н. – Астана, 2007. – 33 с.
  9. Медицинское образование в мире и в Украине. – Х.: ИПП «Контракт», 2005. - 464 с
  10. Международные стандарты ВФМО улучшения качества, Университет Копенгагена, Дания, 2003г.
  11. Вартанян, В.А. Алексеев, «Международное сотрудничество и развитие медицинского образования», -М, 2000.-С. 19-27. ссылка 49
  12. Бондаревская Е.В. Теория и практика личностно-ориентированного образования. – Ростов н/Д.,  2000.– 352 с.
  13. Каражанова Л.К. Пути и формы совершенствования подготовки специалистов в интернатуре // Высшая школа Казахстана, №1, 2008, С.80


 

Тенденции и перспективы компетентностного подхода в подготовке специалистов

в высшем медицинском учреждении образования

Ж.К. Смаилова, Т.К. Рахыпбеков, Л.К. Каражанова

В данной работе авторами рассматриваются тенденции развития компетентностного подхода в высшем профессиональном образовании. Мировые тенденции глобализации и развития высшего профессионального образования требуют иного подхода к подготовке специалистов медицинского профиля. Особую роль в становлении системы образования в медицинском университете приобретает значимость такого понятия как  профессиональная компетентность

 

Tendencies and prospects competence the approach in preparation of experts

in the higher medical institution of formation

Zh.K. Smailova, T.K. Rahypbekov, L.K. Karazhanova

In the given work as authors development tendencies competence the approach in the higher vocational training are considered. World tendencies of globalization and development of the higher vocational training demand other approach to preparation of experts of a medical profile. The special role in education system formation at medical university is got by the importance of such concept as professional competence

 

год: 2010 выпуск №3