| Научный журнал
 ӨКПЕ ТІНДЕРІНІҢ ТЫҒЫЗДАЛУЫ СИНДРОМЫ (ішкі аурулар пропедевтикасы бойынша дәріс) | статьи | Научный журнал

ӨКПЕ ТІНДЕРІНІҢ ТЫҒЫЗДАЛУЫ СИНДРОМЫ (ішкі аурулар пропедевтикасы бойынша дәріс)

Жазба жазу күні: 20-10-2014
Автор(ы): Д.Х.Даутов Семей мемлекеттік медицина университеті

Дәріс мақсаты: студенттерге өкпе тіндерінің тығыздалуы синдромы, пайда болу себептері, клиникалық белгілері, бұлардың механизмдері және диагностикалық тәсілдері жайлы жан-жақты толық мәлімет беру.

Жоспар:

1)         Өкпе тіндерінің тығыздалуы синдромының анықтамасы

2)         Өкпе тіндері тығыздалуының пайда болу себептері және механизмдері

3)         Өкпе тіндері тығыздалуының клиникалық көріністері

4)         Өкпе тіндері тығыздалуы синдромы диагностикасы

5)         Өкпе тіндері тығыздалуы синдромының балалардағы ерекшеліктері.

Анықтамасы. Өкпе тіндерінің тығыздалуы синдромы деп әр түрлі патологиялық жағдайларға байланысты өкпе ұлпалары сұйық жиналғандықтан, басқа тығыз тіндермен алмасқандықтан немесе ауадан босап солып қалуынан қатайғанын атайды. Өкпе ұлпасының тығыздалу синдромы өзіне тән морфологиялық, рентгенологиялық, клиникалық белгілерден құрылады. Практикалық салада ол көбінесе клиникалық және рентгенологиялық мәліметтер арқылы анықталады.

Пайда болу себептері және механизмдері. Өкпе паренхимасының тығыздалып қатаюы бір неше механизмдерге қарай туындайтын дерттік жағдай: альвеолаларға түрлі сұйықтықтар жиналуы, өкпе тіндері басқа тығыз тіндермен алмасуы, өкпе тіндері ауадан босап солып қалуы. Ең алдымен, өкпенің қатаюы альвеолалардың зақымдануына байланысты болып келеді, альвеолаларға түрлі сұйықтықтар жиналу салдарынан. Альвеолаларға экссудат (қабынба сұйықтығы), транссудат (тамыр іргелерінен сүзіліп өткен қабынба емес сұйықтық), қан сияқты сұйықтықтар жиналуы мүмкін. Экссудат жиналу – қабыну процесс көрінісі, пневмония, туберкулез ауруларына тән. Альвеолаларға құрамында жасушалық элементтер, лейкоциттер көп, фибрин талшықтары бар, микроорганизмдер және олардың токсиндері бар жабысқақ сұйықтықтар жиналады. Өкпе тіндерінің тығыздалуы альвеолаларға қан жиналғандықтан да пайда болатын синдром. Қан жиналу – өкпе ұлпаларының ыдырауымен (деструкциясымен) жүретін патологиялық жағдайларға тән: өкпе инфарктісі, өкпе туберкулезі, өкпе қатерлі ісігі, өкпе іріңдігі. Транссудат жиналу – организмде су-электролиттер тепе-теңдігі бұзылу, қанның осмостық, онкотикалық қысымының өзгеруі, тамырлардағы гидростатикалық қысым жоғарылауына байланысты туындайды.

Өкпе ұлпаларының тығыздалып қатаюы туындайтын келесі механизм - өкпе тіндерінің басқа ауасыз тығыз тіндермен алмасуы:  дәнекер фиброзды тіндермен алмасуы – пневмосклероз, қатерлі ісіктер тіндерімен алмасуы - өкпе обыры, өкпе тіндерінің іріңдеп ыдырауы - өкпе абсцессі.

Өкпенің ауадан босап солып қалуы ателектаз деп аталады. Морфология-лық өзгерістер тұрғысынан қарайтын болсақ, ателектаз да өкпе тіндерінің тығыздалуы болып табылады. Ателектаз деген сөздің дәлме-дәл мағынасы жазылып созылмауы дегенге келеді. Өкпенің сырт жақтан басылып қалуы (плевра қуысына сұйықтық немесе ауа жиналу, үлкен қатерлі ісіктер) – компрессиялық ателектаз деп аталады. Бронхтар бітеліп (бөгде зат, қатерлі ісік), бронхтар бойымен өкпеге ауа бармағандықтан өкпе тіндері солып қалуы – обтурациялық (бітегіш) ателектаз болып келеді.

Сонымен, өкпе тіндерінің тығыздалып қатаюы әр түрлі ауруларда және патологиялық жағдайларда кездесе береді. Аталған аурулардың әр қайсысының өзіне тән көптеген ерекше әйгіленімдері болғанымен, бұлардың барлығына ортақ болып келетін бір қатар белгілерді іріктеп алуға болады. Бұл белгілер жиынтығы өкпе тіндерінің тығыздалуы синдромы болып табылады.

Клиникалық белгілері. Өкпе тіндерінің тығыздалуы синдромы көріністері науқасты тексеру барысында, тікелей, физикалық зерттеулер қолданғанымызда және инструменталды тексерулер қолданғанымызда анықталады.

Сұрастыру арқылы науқас ентігетінін білеміз. Өкпе тіндерінің тығыздалуына әкелетін механизмдерді еске түсіретін болсақ, науқас көбіне демін ішке ала алмай қиналады – инспираторлық ентігу. Ентігу дәрежесі тығыздалып, істен шыққан өкпе көлеміне байланысты болып келеді, мысалы бөліктік пневмония жағдайында бұл көрініс айқын келсе, ошақты пневмониямен сырқаттанған науқас ентікпеуі де мүмкін.

Альвеолаларға сұйықтықтар жиналған болса, науқас жөтелетініне шағым айтады. Жөтелі құрғақ болуы мүмкін, немесе қақырық тастап жөтеледі (кілегейлі, кілегейлі-іріңді, серозды), кейде сонымен бірге қан түкіреді.

Қарап тексергенде, науқас ентігіп отырғанын көреміз. Қатайып тығыздалған өкпе көлеміне қарай цианоз (терінің көгеруі) байқалуы мүмкін. Көкірек қуысын қарап тексергенде ауырған жағының тыныс қозғалыстарынан қалып отырғаны көрінеді. Пальпация әдісін пайдаланып тексергенде өкпе тіндері тығыздалған тұстардан дауыс дірілі күшейгені білінеді, өйткені қатайып тығыздалған өкпе паренхимасының дыбыс өткізу қабылеті жоғарылайды.

Перкуссия әдісімен тексергенде өкпенің ашық дыбысы дәрежесі әр түрлі келетін тұйық дыбысқа айнала бастайды. Әсіресе айқын өзгерістер зақымданған өкпе ұлпалары беткей жатқанда, және де оның көлемі айтарлықтай үлкен болғанда анықталады.

Аускультация тәсілімен тексергенде қатайған өкпе тіндерінің дыбыс өткізу қабылеті жоғарылағандықтан, дәл осы тұстан көкірек қуысының сыртына бронхтар бойымен жоғарыдан келіп түскен көмей-кеңірдек шуылы тарап өте бастайды (патологиялық бронхылық шуыл). Бронхофония тәсілін қолданатын болсақ, өкпе тіндері тығыздалған тұстардан бронхофонияның күшейгенін анықтауға болады.

Зертханалық және аспаптық зерттеулер. Рентгенограммада тығыздалған өкпе тіндері қарайған ошақтар ретінде көрінеді. Қарайған ошақтын сипаты патологиялық процесс ерекшеліктеріне байланысты болады. Мысалы, пневмония ауруында қарайған ошақ көлемі қабыну көлеміне сәйкес келіп тұрады, ол біркелкі емес, шеттері айқын көрінбейтін, көбіне өкпенің төменгі бөліктерінде орналасатын болады. Рентгенологиялық зерттеуден басқа спирометриялық тексеру қолданылады: өкпенің тіршілік сиымдылығы (ӨТС), өкпенің максималды вентиляциясы (ӨМВ), тыныс алудын резервтік көлемі азайғандары анықталады.  Қанның газдық құрамын тексеретін болсақ: оттегі парциалды қысымы (75-100мм сбб) төмендеуі, көміркышқыл газы парциалды қысымы (35-45 мм сбб) жоғарылауы анықталуы мүмкін.

Өкпе тіндері тығыздалуы синдромының балалардағы ерекшеліктері. Балаларда өкпе тіндерінің тығыздалуы синдромы көбіне пневмония ауруына байланысты болып келеді. Жаңа туған нәресте пневмониясының ерекшеліктеріне орталық жүйке жүйесінің бұзылыстарына байланысты тез арада пайда болатын токсикоз; қабыну процестің генерализациясы, анемия, гиповитаминоздардың  туындауы. Аурудың бас кезінен бастап неврологиялық статус өзгерістері анықталады: әлсіздік, немесе қозғыштық, ұйқының бұзылуы, бұлшықеттер гипертонусы, қимыл-қозғалыстардың артуы. Бала жылағанда дауыс дірілінің күшейгені білінеді. Жөтел болмаса, оның орнына науқас баланың ауызынан көпіршіктенген сілекей бөлінуін көруге болады. Перкуссия әдісімен тексергенде көбіне ашық өкпе дыбысы естіліп тұрады, кейде аздаған тимпаникалық реңі болуы мүмкін. Пневмония жайылмалы болып кетсе, айқын тұйық дыбыс пайда болады. Аускультациялық көріністерге құбылмалылық тән, тыныс шуылдарының сипаты, бұлардың жан-жаққа таралуы әр түрлі болып келеді. Крепитация, көпіршікті сырылдар бала терең дем алғанда ғана естілуі мүмкін. Пневмонияның ерте пайда болатын рентгенологиялық көріністеріне өкпе ұлпалары мөлдірлігінің төмендеуі, тамырлар суретінің күшеюі, пневмониялық инфильтраттар өкпенің медиалды бөліктерінде орналасқан ошақты көлеңкелер болып көрінеді.

Әдебиеттер:

1. Айтбембет Б.Н. Ішкі аурулар пропедевтикасы. - Алматы, 2005.

2. Ахметов К. Ішкі аурулар пропедевтикасы. – Ақтөбе, 2007.

3. Ахметов Қ.Ж. Ішкі аурулар пропедевтикасы пәнінің клиникалық дәрістері (оқу құралы). – Алматы, 2009.

4. Мухин Н.А., Моисеев В.С. Пропедевтика внутренних болезней: учебник + СД. – 4-е изд. – М., 2008. – 848 с.

5. Лиссауэр Т., Клейден Г. Пропедевтика детских болезней, иллюстрированный учебник/ пер. с англ. под ред. Н.А.Геппе. – 3-е изд. – М., 2008. – 350 с.

6. Милькаманович В.К. Методическое обследование, симптомы и симптомокомплексы в клинике внутренних болезней. Справочно-методическое пособие. «Полифакт-Альфа». - Минск, 1995. - 665 с.

 

 

В лекции по курсу пропедевтики внутренних болезней согласно новой модульной программе обучения «Синдром уплотнения легочной ткани» раскрываются основные причины возникновения и развития указанного патологического состояния, описываются основные клинические симптомы и их механизмы, а также затрагиваются вопросы диагностики на современном уровне.

 

In the lecture according to module program of teaching “Syndrome of consolidation of lung tissue” it is considered main causes of occurring and developing of mentioned pathological condition, basic clinical symptoms and their mechanism and also issues on diagnostics on the contemporary level. 

год: 2010 выпуск №1